Жаңалықтар

Мемлекеттік құпияны таратқандарға жаза күшейеді

Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Мәжіліс мемлекеттік құпияларды қорғауды күшейтетін құжатты мақұлдады. Заң жобасында экстремистік және террористік мазмұндағы әдебиеттерді сақтауға тыйым салуды бекіту ұсынылған.

«Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

«Құжат ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ҚР арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткеру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатын көздейді. Заң жобасы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыруға, құқық қолдану қызметі барысында анықталған құқықтық олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Жалпы, заң жобасы 3 кодекске және 11 заңға түзетулер енгізуді көздейді», – деді депутат Болат Керімбек.

Сондай-ақ заң жобасында дағдарыс жағдайлары туындағанда, төтенше немесе әлеуметтік сипаттағы жағдай енгізілген кезде ұлттық қауіпсіздік органдарының іс-қимыл өкілеттіктерін нақтылау қарастырылған. Бұл түзету «Төтенше жағдай туралы» Заңға сәйкес келтіру мақсатында енгізіліп отыр.

Бұдан бөлек мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік құпияларды қорғау жағдайын күшейту көзделіп отыр.

Осы мақсатта заңда «мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейінің төмендеуін» ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіптердің бірі ретінде бекіту ұсынылды.

«Сонымен қатар, экстремистік және террористік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және таратуға заңнамалық тыйым салудан басқа, заң жобасы оларды сақтауға қосымша тыйым салуды енгізуді ұсынады»,  деп түсіндірді депутат.

Осыған дейін мұндай материалдарды тек әкелуге, басып шығаруға және таратуға ғана тыйым салынған еді.

Заң аясында мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы талаптарды сақтау қатаң бақылауға алынбақ. Тиісінше, органның құзыреті артып, құпия ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндіктері күшейтіледі.

Егер адам мемлекеттік құпияны сақтау талаптарын бұзғаны үшін жаза алып, соған қарамастан бір жыл ішінде сол талапты қайта бұзса, оған қосымша жауапкершілік қарастырылады.