Енді банктер тәркіленген пәтерлерді уақытша жалға бере алады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Чиновники Казахстана рассказали швейцарцам, как сделать жилье доступнее
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда банктердегі проблемалық жылжымайтын мүлікке қатысты ережелер өзгерді. Мұндай активтерді жалға беруге, құрылысын толық аяқтауға немесе сатуға дайындау рұқсат етілді. Енді банктер мұндай мүлікті тек есепте ұстап отырмай, оны ретке келтіріп, қайта пайдаға жаратуға мүмкіндік алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысында айтылған.

Жаңа ережелерге сәйкес, мұндай активтерді жалға немесе лизингке беруге, құрылысты аяқтауға қаржы тартуға, қажетті жұмыстарды қаржыландыруға, тіпті оларды басқару үшін бөлек компаниялар құруға мүмкіндік беріледі.

Егер нысан аяқталмаған болса, оны толық аяқтауға болады. Ал егер бұл жылжымайтын мүлік немесе басқа да актив болса, оны сатып алушы табылғанша бос ұстамай, уақытша пайдалануға болады.

Алайда мұндай мүлікке еркін түрде иелік етуге рұқсат берілмейді. Ол үшін банк алдымен нақты жоспар әзірлеп, кейін реттеуші органға осы мүлік бойынша не болып жатқанын, қанша табыс түсіп, қанша шығын кеткенін есеп беріп отыруы тиіс.

Сондай-ақ банкке өткен мүлікті белгіленген мерзімде электронды сауда арқылы сату қажеттігі де көрсетілген.

Еске салайық, Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов елдегі ипотека мөлшерлемесіне қатысты жаңа реттеу шаралары әзірленіп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз