Авто

Енді көшеде қараусыз қалған электросамокатты полиция тартып алады

Фото: kursiv.media

Алматыда электросамокаттар мен мопедтердің қауіпсіздігіне қатысты кешенді шаралар әзірлейтін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып жатыр. Енді көшеде қараусыз қалған электросамокаттар полиция тарапынан тәркіленеді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Бұл мәселе құқық қорғау органдарының кикшеринг компаниялары мен жеткізу қызметтері өкілдерімен кездесуі барысында талқыланды.

«Ретсіз қалдырылған самокаттар тәркіленеді. Бұл бизнеске қысым емес, ең алдымен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара. Қауіпсіздікті кешенді түрде қамтамасыз ету үшін кикшеринг компаниялары, жеткізу қызметтері, әкімдік, прокуратура, депутаттық корпус және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылуда», – деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов.

Жұмыс тобы қазіргі жағдайды жан-жақты талдап, соның негізінде электр самокаттар, электр велосипедтер, мопедтер және курьерлік қызметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ұсыныстар мен кешенді тұжырымдамалар әзірлеуді жоспарлап отыр.

Электр самокаттар қанша адамды жарақаттады

Соңғы жылдары электр самокаттары қала тұрғындары үшін ыңғайлы көлікке айналғанымен, олармен байланысты жол-көлік оқиғалары да күрт көбейіп отыр. Әсіресе Алматы қаласы бұл көрсеткіш бойынша алдыңғы орында тұр. Полиция департаментінің хабарлауынша, 2025 жылдың 12 айы ішінде Алматы қаласында электр самокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркелген.