Жаңалықтар

Депутат журналист Ботагөз Омарованың ісінде жеке кепіл болды

Фото: әлеуметтік желіден

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жалған ақпарат тарату ісі бойынша күдікті ретінде танылған журналист Ботагөз Омароваға кепілгер болды. Бұл туралы депутат Мәжіліс кулуарында журналистерге мәлімдеді.

Ол журналиске қатысты тергеу әділ әрі ашық өтеді деп үміттенетінін айтты.

«Біз Ботагөз Омарова ісінде әділдік салтанат құрады деп үміттенеміз. Мен оның қылмыстық қудалаудан жасырынбайтынына, тергеу органдарының барлық талабын орындайтынына кепілдік бергендердің бірімін», деді Базарбек.

Еске салайық, 20 наурыз кешке журналист Ботагөз Омарова полицияға тергеу әрекеттеріне байланысты шақырылды. Тілшімен «президенттік ат қоралары» туралы материалға байланысты әңгімелескен.

Журналист  «көрінеу жалған ақпарат тарату» ісі бойынша күдікті деп танылды. 21 наурызға қараған түні сот отырысы өтіп, соның нәтижесінде сот журналиске қатысты екі ай мерзімге үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.