
Алматы халықаралық әуежайында автотұрақ орындарының саны екі есеге артады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Осыған дейін жолаушылар әлеуметтік желілерде шағымданған еді. Ішкі рейстер терминалы тар, автотұрақ орындары жетіспейді, ғимарат айналасындағы инфрақұрылым жеткілікті дамымаған.
Әкімдік автотұрақ кеңістігі кезең-кезеңімен кеңейтіліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта мыңнан астам орын қолжетімді.
«Алдағы екі жылда автотұрақ орындарының саны екі есеге, яғни 2200 орынға дейін артады деп күтеміз. Бұл үшін қолданыстағы көпдеңгейлі автотұрақ бұзылып, оның орнына 4-5 қабатты жаңа автотұрақ салынады. Бұл орын санын арттыруға мүмкіндік береді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ әуе айлағы аумағында жаңа қонақүй құрылысы 2027 жылы басталып, бір жыл ішінде аяқталады.. Сонымен қатар, ішкі терминал жаңғыртылады. Жұмыстарды шілде айында аяқтау жоспарланып отыр.