Жаңалықтар

Алматы хайуанаттар бағында туған үш жолбарысқа ат қойылды

жолбарыс күшіктері
фото: Алматы зообағы

Алматы хайуанаттар бағында жыл басында дүниеге келген амур жолбарысының күшіктерінің есімі белгілі болды. Бентли мен Ярганың ұрпақтарына ат таңдауға қала тұрғындары атсалысты деп хабарлайды зообақ өкілдері.

Үшем 11 қаңтарда туды. Осы уақытқа дейін анасының қасында болып, жұрт көзіне түспеген еді. Қазір 2,5 айға толған марғаулар ана сүтін еміп жүргеніне қарамастан, біртіндеп ет жеуге көшкен. Ең бастысы – кішкентай жыртқыштар алғаш рет үлкен вольерге шығарылды.

Жануарлардың мінез-құлқын бақылай келе, «Жыртқыш сүтқоректілер» бөлімінің мамандары оларға Алан, Арлан және Тарлан деген есімдерді берді. Хайуанаттар бағының ұжымы кішкентай жолбарыстардың тағдырына бейжай қарамай, ат қоюға көмектескен барша жандарға алғыс айтады.

Осы жылы наурызда хайуанаттар бағы тағы бір бірегей жануармен толықты. Бұл жолы алыс Жаңа Гвинея аралынан әлемдегі ең сирек кездесетін әрі алып бауырымен жорғалаушылардың бірі Сальвадор кесірткелері (Varanus salvadorii) әкелінді.