Жаңалықтар

Алматыда самокат мінгендерге бақылау күшейді: айыппұл арқаламас үшін нені білу қажет

фото: shutterstock

Алматы қаласында күн райының жылынуына байланысты көшелерде самокат мінушілер көбейіп, полиция ерекше бақылау режиміне көшті.

Тәртіпті қадағалау үшін арнайы мобильді самокаттық экипаждар құрылды. Бұл топтардың құрамында учаскелік және ювеналдық полиция инспекторлары жұмыс істеп жатыр. Олар негізінен мектеп маңын және халық көп жиналатын көшелерді патрульдейді.

Бір күндік тексерістің нәтижелері:

  • Электр самокаттарын пайдалану ережелерін бұзған 70 жағдай тіркелді.
  • Кәмелетке толмаған балалар самокат басқарған 10 факті анықталды.
  • Кикшеринг компанияларымен бірлесіп, заң бұзушылардың 7 аккаунты бұғатталды.

Ата-аналардың жауапкершілігі

Рейд барысында 3 ата-ана бала тәрбиесіндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың электр самокаттарын қалай және қай жерде пайдаланатынына ерекше назар аударыңыздар. Кәмелетке толмағандардың мұндай көлікті басқаруына жол берілмеуі тиіс. Бұл ең алдымен олардың қауіпсіздігі,» – деп атап өтті қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Полиция департаменті электр самокаттарын пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды және жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеуді сұрайды. Бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда бағдаршамы бар веложолдар пайда болатынын жазған едік.