
Алматыдағы крематорий осы сәуірде іске қосылуы мүмкін. Әзірге, соңғы дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы осылай хабарлады деп жазады Tengrinews.
«10–15 сәуір аралығында қалалық патологиялық-анатомиялық бюро қызметкерлерін Новосибирск қаласында оқыту жоспарланған. Олар Алматыға оралғаннан кейін, сәуірдің үшінші онкүндігінде крематорийді ашу көзделіп отыр», – деп түсіндірді басқармадан.
Сонымен қатар басқарма өкілдері дайындық жұмыстарының бір бөлігі аяқталғанын мәлімдеді. Қазірдің өзінде крематорий теңгерімінде болатын қалалық патологиялық-анатомиялық бюроның ішкі жұмыс ережелері мен қызмет көрсету бағаларының тізбесі әзірленген.
Алайда мұнда да бір кедергі бар: бұл құжаттар кәсіпорынның жарғылық қызмет түрлері кеңейтілгеннен кейін ғана қабылданады.
Бұған дейін Алматы әкімдігі Алматыдағы крематорий қызметінің бағасы жария болғанын хабарлаған. Крематорийдегі қызметтердің болжамды құны шамамен 260–280 мың теңге болмақ.