Ақтөбелік тұрғын дәрігерлер ұмытқан дәкені мойнынан суырып алды

Ақтөбеде ер адам денесінен дәрігерлер операция кезінде ұмытып кеткен дәкені өзі алып шыққан.
Hronika ақпаратына қарағанда, полиция медицина қызметкерлерін жауапқа тартудан бас тартқан.
2023 жылдың қазанында оған омыртқасына ота жасалып, мойын омыртқасына протез қойылған. Біраз уақыттан кейін жара орны қабынып, іріңдеп, ауырсыну басталады.
Ер адам өзі тамағынан медициналық дәке шығарып алып, оны видеоға түсірген. Сарапшылар бұл бөгде зат операция кезінде қалып қойғанын, дәл осы дәке қабынуға себеп болғанын айтқан. Денсаулыққа орташа зиян келген.
Ол полицияға шағымданып, іс қозғалғанымен, кейін «қылмыс құрамы жоқ» деген негізбен тоқтатылған. Сонымен қатар дәрігерді жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткенін алға тартқан.
Кейін тергеу соты бұл шешімді жойғанымен, іс қайтадан тоқтатылды. Дәрігерлер өз кінәсін мойындамай, ота кезінде мұндай материал қолданылмағанын айтқан. Ал сараптама да нақты дәлел жоқ деп тапқан.
Ақтөбелік бұл шешімге шағымданбақ. Денсаулық сақтау басқармасы тексерулер нәтижесінде медициналық қателік анықталмағанын мәлімдеді.
Айта кететін жайт, Ақтөбе облысында бес адам жол апатынан қайтыс болған еді.