
Астанада полицейлер 14 жастағы мектеп оқушысы рөлде отырған Tesla электромобилін тоқтатты. Жасөспірім жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, тоқтау туралы талаптарды елемеген, деп хабарлады елордалық полиция департаменті.
Тәртіп бұзушылықтар Жедел басқару орталығының камераларына түсіп қалған. Полицейлердің белгі бергеніне қарамастан, жүргізуші тоқтамай, қашып кетуге тырысқан. Автокөлік салонында тағы бір кәмелетке толмаған жолаушы болған.
Бұл осындай алғашқы жағдай емес екені анықталды. Бұған дейін де аталған көлік қауіпті жүрісі үшін полицияның назарына іліккен.
«Наурыз айында осы автокөлікпен көптеген заң бұзушылықтар, соның ішінде қауіпті маневр жасау фактілері тіркелген болатын. Көлік құралы коммуналдық тұраққа қойылды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жасөспірімге қатысты куәліксіз көлік басқарғаны үшін әкімшілік материалдар толтырылды. Ата-аналары да жауапкершілікке тартылады – оларға көлікті басқаруды жүргізуші куәлігі жоқ адамға бергені және баланы тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін айыппұл салынады.
Полиция куәліксіз көлік айдау – айналадағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін күрделі заң бұзушылық екенін баса айтты.