
Президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Ерболат Досаев енді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында да жұмыс істемейді. Шенеуніктің қысқарып қалғаны туралы құжат Қаржылық есептілік депозитарийі сайтында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, «Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционері Ерболат Досаевты директорлар кеңесі құрамынан шығару жөнінде шешім қабылдаған. Мұндай шешім 2026 жылғы 25 наурызда қабылданған.
Қазір ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесі құрамында алты адам бар. Олар: Олжас Бектенов, Болат Жәмішев, Лука Сутера, Вонг Хэн Файн, Нұрлан Жақыпов, Мұхаммед Жәмил әл Рамахи.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін – 25 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевты президенті әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатқан. Шенеунік осы қызметте шамамен жарты жылдай отырған. Досаевты президент әкімшілігіне 2025 жылғы 19 қыркүйекте тағайындаған. Оның алдында шенеунік Алматы қаласын басқарған.
Досаевтың «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің құрамына кіргені туралы құжат Қазақстан қор биржасында (KASE) 2026 жылғы 12 қаңтарда жарияланған.