
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов 2 сәуірде Астанада брифинг өткізіп, Эпштейн тізімінде аты аталған қазақстандықтарды тексеру барысы туралы сауалға жауап берді.
Бұған дейін, 25 ақпанда, мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов құзырлы органдарға сауал жолдап, Джеффри Эпштейн жанжалына қатысы бар қазақ шенеуніктерін тексеруді сұраған. Сол кезде басқа да депутаттар бүкіл әлем талқылап жатқан мәселені Қазақстан билігі айналып өтпеуге тиіс деп мәлімдеген. Екі күннен соң Бас прокурор Берік Асылов Эпштейн ісінде аты аталған шенеуніктер тексерілетінін айтқан.
Құзырлы мекеме өкілі Ерлан Өтегенов бейсенбідегі брифингте тексеру қалай жүріп жатқаны туралы мәлімет берді.
«Осы мәселеге қатысты депутаттық сауалды алдық. Тексеру жүріп жатыр. Онда (Эпштейн тізімінде – ред.) мәлімет өте көп – шамамен 3 млн хабарлама. Олар үзік-үзік. Қазір солардың Қазақстан мен қазақ азаматтарына қатыстыларын толық зерттеп жатырмыз. Әзірге қандай да бір қорытынды шығаруға ерте. Тексеру жалғасып жатыр», – деді бас прокурордың орынбасары.
Өтегенов ешкімнің аты-жөнін атамады, тексеру қашан аяқталатынын да айтпады.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейнге қатысты 3 млн құжат жариялаған. Олардың ішінде Қазақстанның саяси элитасы өкілдерінің аты-жөні аталған.
Құпия құжаттар Джеффри Эпштейннің Қазақстанмен тығыз байланыста болғанын анық көрсетеді. Бірнеше жыл бұрын жарық көрген құжаттарда Рахат Әлиевтің есімі кездессе, бұл жолы Кәрім Мәсімов, Өмірзақ Шөкеев, Нұрлан Құсайынов, Ержан Қазыханов және басқа да ірі лауазым өкілдерінің есімі аталды.
Бұл уақытта Ұлыбритания үкіметі қазір тергеліп жатқан Эндро ханзадаға қатысты құжаттарды жариялау жөнінде шешім қабылдады. Ағылшын патша отбасының өкілі Эпштейнмен ғана емес, қазақ саяси элитасымен байланыс орнатқан. Лондон 2026 жылы жариялайтын құжаттарда да қазақ шенеуніктерінің есімі аталуы әбден мүмкін.