Жаңалықтар

Еріктілердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру жоспарлануда

волонтеры после концерта Дженнифер Лопес
Еріктілердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру жоспарлануда / Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстанда еріктілердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру жоспарлануда, деп хабарлады премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттық сауалға берген жауабында.

18 наурызда мәжіліс депутаты Николай Арсютин еріктілерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қарастыруды ұсынды. Соның ішінде өмірді сақтандыру мәселесі де бар. Балаеваның айтуынша, мұндай бастама қазірдің өзінде қаралып жатыр.

«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, жоғалған адамдарды іздестіруге қатысатын, сондай-ақ, өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнетін өзге де қызмет түрлерімен айналысатын еріктілердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру мәселесі қарастырылуда. Ұсынылып отырған шаралар әзірленіп жатқан Еріктілікті дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында көрініс табады», – делінген құжатта.

Арсютин, сонымен қатар, еңбек өтілін қалыптастыру кезінде еріктілік қызмет кезеңін есепке алуды енгізуді ұсынды. Вице-премьер бұл мәселенің 2022 жылы көтерілгенін атап өтті. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл идеяны қолдамаған.

Бұған дейін Балаева жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу кезінде еріктілік жұмысты мемлекеттік білім беру гранты үшін қосымша коэффициент ретінде есепке алу жоспарланғанын хабарлаған болатын.