Жаңалықтар

Хорват және британ компаниялары мұнай кен орындарын барлауға инвестиция салады

Шетелдік компаниялар барлау жұмысына инвестиция салады / Фото: shutterstock.

«Geoscience & Exploration Central Asia» халықаралық геологиялық форумы аясында «ҚазМұнайГаз» бен әлемдік «British Petroleum» (BP) компаниясы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат Маңғыстау облысындағы Үстірт блогында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мен оны игеруді көздейді.

Британдық компания Қазақстанда 90-шы жылдардың басынан бастап жұмыс істеп, еліміздің бірқатар ірі мұнай-газ жобаларына қатысқан болатын.

Алайда 2009 жылы BP еліміздегі қызметін ресми түрде тоқтататынын жариялаған еді.

«Серіктестікті жандандыру – Қазақстанның ресурстар қорын нығайтуға бағытталған геологиялық барлаудағы перспективті бастамаларды бірлесіп іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және хорватиялық «GEOENERGIJA RAZVOJ d.o.o.» компаниясы да маңызды келісімшартқа қол қойды. Бұл құжат Ақтөбе облысындағы «Шығыс» учаскесінде мұнай мен газ барлау жұмыстарын бірлесіп жүргізуге мүмкіндік береді.

Жоба екі тарапқа бірдей(50/50) үлеспен тиесілі болады. Келісімнің басты ерекшелігі – хорват тарапы геологиялық барлау кезеңін толықтай өз қаражаты есебінен қаржыландырады.

Жұмыс жоспары бойынша 500 қума шақырым жерде сейсмикалық барлау жүргізіліп, тереңдігі 3500 метрлік іздеу ұңғымасы бұрғыланбақ. Бұл – хорватиялық инвесторлардың Қазақстанның геологиялық барлау секторына алғаш рет келуі.

Бұған дейін Қытай Қазақстанда 1,2 млрд долларға болат комбинатын салғысы келетіні хабарланған.