
2025 жылы Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (шамамен 58,8 мың теңге) аспайтын халықтың үлесі 4,8%-ға жетті. Бұл – шамамен бір миллионға жуық адам (988,2 мың). EnergyProm, мәліметіне сәйкес, бір жылда мұқтаж жандардың саны 2%-ға артып, әсіресе, ауыл тұрғындары мен көп балалы отбасылардың жағдайы қиындай түскен.
Қала мен ауыл арасындағы алшақтық терең
Елдегі кедейлік деңгейі біркелкі емес. Қалаларда бұл көрсеткіш 3,6% деңгейінде тұрақталса, ауылдық жерлерде керісінше өсім байқалып, 7%-ға жетті.
Демек, ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда табыс тапшылығын екі есе жиі сезінеді. Бұл ауылдағы экономикалық мүмкіндіктердің шектеулі екенін және табыс теңсіздігінің әлі де жоғары екенін дәлелдейді.
Елдің 20 өңірінің тоғызында кедейлік деңгейі орташа республикалық көрсеткіштен жоғары. Жағдай мына облыстарда тым күрделі:
- Түркістан облысы – 8,4%;
- Маңғыстау облысы – 7,9%;
- Абай облысы – 7,4%;
- Жетісу облысы – 7%.
Бұл аймақтарда әрбір 12-ші тұрғынның табысы күнкөріс шегіне жетпейді. Ал ең жақсы көрсеткіштер Астана қаласы (2,6%), Қарағанды және Атырау облыстарында (3,1% ) тіркелген.
Азық-түлікке ақшасы жоқ
Ең алаңдатарлық жағдай – шектен шыққан кедейлік (табысы тек тамаққа ғана жететіндер) көрсеткішінің бір жылда үш есе өсіп, 0,3%-ға жетуі. Бұл үрдіс, әсіресе, қалаларда қатты сезіліп отыр.
Өңірлік тұрғыда Ұлытау облысы ерекше көзге түсті: мұнда тақыр кедейлер қатары 3%-ды құрады, бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен 10 есе жоғары. Сондай-ақ Қарағанды (1,3%) және Ақмола (1%) облыстарында да жағдай күрделі.
Сарапшылардың айтуынша, кедейлікке ұшырау қаупі отбасындағы адам санына тікелей байланысты екен. Статистика бойынша:
- 5 және одан да көп адамы бар отбасыларда кедейлік деңгейі 9,1%;
- 4 адамнан тұратын отбасыларда 2,6%;
- 3 адамнан тұратын үйде небәрі 0,9%-ды құрайды.
Көпбалалы отбасылардың тұрмысының нашарлауы жалғызбасты адамдармен салыстырғанда 75 есе жоғары. Бұл қазіргі мемлекеттік қолдау шараларының көпбалалы отбасыларды кедейліктен қорғауда тиімділігі төмен екенін аңғартады. Мамандардың пікірінше, халықтың жалақысы өскенімен, жоғары инфляция нақты табысты жеп қойып жатыр.