Халық несиеге күн көруге көшкен: банк секторын дағдарыс күтіп тұр ма

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстандықтар күнделікті қажетті затты кредитке алады / Фото: shutterstock

Қазақстандықтар күнделікті тұрмысқа қажетті қаражатты барған сайын несие есебінен жауып жүр. Статистикаға сәйкес, орташа жалақы өскенімен, халықтың нақты табысы төмендеп, инфляция жоғарылаған. Несиеге негізделген «жалған дәулет» алдағы уақытта банк секторы үшін үлкен соққы болуы мүмкін.

Кредит көпіршігі қашан «жарылады»

PwC дайындаған макроэкономикалық шолу қазақстандық экономиканың тасада қалған қауіптерін ашып көрсетті. Сауалнамаға қатысқан экономистер мен қаржыгерлер елде қауіпті «кредит көпіршігінің» қалыптасып жатқанына меңзейді.

Сарапшылардың бірі 2025 жылы экономикаға ең қатты әсер еткен факторлар ретінде жоғары инфляция мен коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуін атады.

«Экономикаға несие тетіктері арқылы берілетін базалық мөлшерлеменің де ықпалы зор. Ұзақ мерзімді перспективада бұл банк саласындағы дағдарысқа әкеп соғуы мүмкін», – дейді маман.

Екі таңбалы инфляция және қымбатшылық қыспағы

Қазақстанда инфляция қарқыны бәсеңдер емес. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 12,3%-ға жетсе, 2026 жылдың наурызында ғана сәл баяулап, 11%-ды құрады.

PwC шолуындағы өзге де мәліметтер жағдайдың күрделілігін айқындай түседі:

  • Азық-түлік инфляциясы: 13,5%-ға жетті.
  • Ет өнімдері: 22,6%-ға қымбаттады (салыстыру үшін: 2024 жылы өсім небәрі 3,4% болған).
  • Май өнімдері: 14,5%-ға өсті.
  • Коммуналдық қызмет: «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы салдарынан суық су бағасы бір жылда бірден 96,3%-ға шарықтады.
  • Жанармай: Нарықты еркіне жібергеннің нәтижесінде бензин бағасы 15,7%-ға жоғарылады.

Жалақы өссе де, табыс кеміген

2025 жылдың III тоқсанында орташа номиналды жалақы 429 мың теңгеге дейін өскенімен, бұл халықтың әл-ауқатын құтқара алмады. Керісінше, инфляцияны есепке алғандағы халықтың нақты табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға қысқарған.

Сарапшылардың пайымдауынша, халықтың әл-ауқатының өсімі инфляция қарқынынан айтарлықтай қалып қойған. Салдарынан халықтың тұтыну сұранысы негізінен несие қаражат есебінен қаржыландырылып отыр.

Бүгінде адамдар тұмыс сапасын жақсарту үшін емес, қымбатшылық кезінде қалыпты тұтыну деңгейін сақтап қалу үшін қарыз алуға мәжбүр. Сауалнамаға қатысқан мамандардың 71%-ы алдағы 12 айда инфляция 10%-дан төмен түспейді деп болжайды.

Бұл деген – қарапайым азаматтарға түсетін қаржылық қысым әлі де сақталады және олардың несиеге тәуелділігі тереңдей береді деген сөз.

Сондай-ақ оқыңыз