Жаңалықтар

Қазақстанда Қашағанмен тең жаңа мұнай-газ кен қоры табылды

Қашаған операторы
Фото: Ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Елімізде Қашаған кен орнымен тең келетін ірі карбонатты массив анықталды. Бұл туралы Астанада өткен геологиялық форум барысында «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев мәлімдеді деп жазады Қазақпарат.

Геологиялық барлау жұмысы Қаратон, Қажығали және Жылыой учаскелерін қамтитын Жылыой карбонатты платформасында жүргізілген.

Табылған массивтің ресурс көлемі 4,7 млрд тонна көмірсутекті құрайды. Ал Жылыой карбонатты массивінің жалпы әлеуеті 20 млрд тонна шартты отынға бағаланып отыр.

Құрманғазы Есқазиевтің сөзінше, Қашаған кен орны теңіздің таяз бөлігінде орналасқандықтан, оны игеру – зор шығын. Ал жаңа массив құрлықта орналасқан, тиісінше шығын да азая түседі. Қазір Қаратон учаскесінде тереңдігі 5750 метрлік ұңғыма бұрғыланып, оң нәтиже көрсетті.

ҚМГ өкілінің айтуынша, Қаратондағы сәтті жұмыстардан кейін геологиялық барлауды Қажығали учаскесінде кеңейту жоспарланған. Енді жер қойнауын пайдалануға келісімшарт алу бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

Бұл жаңа жоба қолданыстағы өнімді бөлу туралы келісімдерге (ӨБК) әсер етпейді. Ол жеке жоба ретінде, басқа компаниялармен, соның ішінде «Татнефть» компаниясымен серіктестікте жүзеге асырылады.

Айта кетейік, қазір «ҚазМұнайГаз» бен ресейлік «Лукойл» алпауыты Каспий қайраңындағы ірі жобаларды қаржыландыру үшін ресурс көзін іздестіріп жатыр.