Жаңалықтар

Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады

фото: Ақорда

Қазақстанда жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жабдықталған AI-Enabled University индустрия университеті ашылады. Бұл туралы Тоқаевпен кездескен ғылым министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді деп жазады Ақорда.

Бұл оқу орны барлық үдерістерге жасанды интеллектіні (AI) енгізеді. Сонымен қатар, елімізде жасанды интеллектіні ілгерілетуге арналған «AI-Sana» ұлттық қозғалысы қолға алынбақ. Әзірге аталған жобалардың мән-жайы толық белгісіз.

Кездесуде Саясат Нұрбек еңбек нарығын зерттеу нәтижелері мен 2030 жылға дейінгі мамандарға деген сұраныс болжамын ұсынды. Осыған орай:

  • «Келешек» механизмі арқылы жоғары білімнің қолжетімділігі артады.
  • DeepTech (терең технологиялар) мен күрделі өндірістерді дамытудың жаңа моделі енгізіледі.
  • Өңірлерде ғылыми-өндірістік аймақтар мен ғылым қалашықтары құрылады.

Ғылым министрі мемлекет ғалымдарды қолдауды жалғастыратынын атап өтті. Ол үшін ведомство жас ғалымдарды баспанамен қамтуды, ғылыми гранттар мен сыйлық санын арттыруды жалғастыра береді.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім сапасын арттыруды, ғылыми жобаларды коммерцияландыруды (яғни, одан табыс табуды) және елімізде ашылған шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының жұмысын ширатуды тапсырды.

Осы жыл басында Қазақстанның 95 университеті оқу жоспарына ЖИ-ге қатысты пәндерді енгізілді. Сонымен қатар 30 жоғары оқу орны жасанды интеллект бағыты бойынша 42 білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.