Жаңалықтар

Қазақстандағы тұрмыстық шаруаның 80%-ы әлі де әйелдердің мойнында

Қазақстандағы тұрмыстық шаруаның 80%-ы әлі де әйелдердің мойнында / Фото: pexels.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстандықтар үй шаруасын жиі «ортақ іс» деп атайды, бірақ іс жүзінде тұрмыс әлі де көбіне әйелдердің мойнында. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) жаңа баяндамасынан белгілі болды.

Зерттеу дерегіне сәйкес, респонденттердің 76,7%-ы шаруашылықты ерлі-зайыптылардың екеуі де жүргізуі керек деп есептейді. Отбасындағы теңдік идеясын қолдайтындар саны артып келеді.

Мамандар бүкіл ел бойынша 3 мың адамнан сауалнама алды. Адамдардың ескі стереотиптерден көбірек арылып жатқаны, ал әкелер балаларымен көбірек уақыт өткізуге тырысатыны анықталды. Дегенмен, мәселе үй жинауға немесе тамақ пісіруге келгенде, жағдай өзгереді.

Үй шаруасының басым бөлігі бұрынғыдай әйелдердің еншісінде қалып отыр. Олар жиі тамақ әзірлейді (75,7%), үй жинайды (75%), ыдыс жуады (76,5%), кір жуады (81,5%) және киім үтіктейді (80,7%).

Ерлер негізінен физикалық күшті қажет ететін немесе асүйден тыс жердегі істерге араласады. Мысалы, ұсақ-түйек жөндеу жұмыстары (розетка немесе кран жөндеу) – 54,6%, мал мен құс бағу – 24,1%, бақта немесе бақшада жұмыс істеу – 20,7%.