ҚМДБ тоқалын сыйға тартқан уағызшыға қатысты мәлімдеме жасады

Желіде шәкіртіне «әйелін сыйға тартқанын» айтып, қоғамды дүр сілкіндірген уағызшы Құрбанали Ахметтің мәлімдемесіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми жауап берді. Діни басқарма бұл атышулы мәлімдеменің ресми исламға еш қатысы жоқ екенін кесіп айтты.
ҚМДБ: «Ол біздің жүйеге кірмейді»
Діни басқарма азаматтардың көкейінде жүрген басты сұраққа нүкте қойды: Құрбанали Ахмет ресми діни қызметкер емес.
Уағызшы ҚМДБ құрылымында және басқармамен ешқандай кәсіби байланысы жоқ. Оның айтқан пікірлері мен жеке өміріндегі шешімдері тек өз жауапкершілігінде.
ҚМДБ қазақстандықтарды күмәнді уағызшыларға емес, тек ресми пәтуалар мен сенімді дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Даудың басы: «Тоқалымды шәкіртіме бердім»
Естеріңізге сала кетейік, Құрбанали Ахмет журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында тоқалын өз еркімен шәкіртіне «сыйлағанын» және бұл әрекетін діни тұрғыдан ақтауға тырысқан еді. Бұл мәлімдеме желі қолданушылары мен құқық қорғаушылардың арасында үлкен наразылық тудырды.