Қостанайда полицейге шабуыл жасаған күдіктілер кешірім сұрады(видео)

Қостанай облысының полициясы құқық қорғау қызметкерін соққыға жыққан күдіктілердің кешірім сұраған видеосын жариялады.
Бұл туралы Қостанай облысының Полиция департаменті хабарлады.
Бұған дейін оқиға видеосы әлеуметтік желілерде тараған еді. Қызметтен тыс уақытта кәмелетке толмаған балаларымен бірге жүрген полицей қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған үш ер адамға ескерту жасаған. Алайда олар құқық қорғау қызметкеріне шабуыл жасаған.
Полиция күдіктілердің ұсталу сәтін де көрсетті. Видеода олар зардап шеккен полицейден ғана емес, оның әріптестерінен де кешірім сұрайды.
«Барлық полиция қызметкерлерінен кешірім сұраймын. Қателік жасадым, қатты өкінемін. Мұндай әрекетті енді қайталамаймын. Кінәмді мойындаймын», – дейді ұсталғандар.
Алғашында күдіктілерге қамау түріндегі бұлтартпау шарасы бірден қолданылмаған. Кейін іс «билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш қолдану» бабына қайта сараланып, олар тергеу изоляторына қамалды. Енді оларға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Сот күдіктілерді 2 айға қамауға санкция берген.
Полицей шабуыл салдарынан бас-ми жарақатын және көптеген дене жарақатын алған. Алғашында ауруханаға жатудан бас тартқанымен, кейін жағдайы нашарлап, қазір ведомстволық ауруханада ем алып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде полицейдің соққыға жығылған сәті түсірілген видео тараған болатын.