Қытай ғарышта госпиталь құру үшін орбитаға медициналық жабдықтар жолдады

Қытай «ғарыштық госпиталь» құру жөніндегі ауқымды жобаны іске асырудың алғашқы практикалық қадамын жасап, орбитаға бес жоғары технологиялық медициналық құрылғы жіберді, деп хабарлайды China Daily.
Мәліметтерге сәйкес, сынақ бағдарламасы үш жылға созылады, ал оның негізгі міндеті – экипаждар үшін денсаулық сақтау жүйесін дамыту және ғарыштық медицина саласындағы ғылыми-зерттеу базасын тереңдету болмақ.
Медициналық жүгі бар зымыран тасығышты ұшыру елдің солтүстік-батысында орналасқан Цзюцюань ғарыш айлағынан жүзеге асырылды. Жобаны іске асыруға Қытай ғылым академиясының Микроспутниктер инновациялық академиясымен тығыз серіктестікте Шэньчжэнь озық технологиялар университеті жетекшілік етеді.
Бастама микрогравитация, жоғары радиация және тұйық кеңістікте ұзақ болу жағдайында туындайтын мәселелердің тиімді шешімдерін әзірлеуге бағытталған. Мұндай жағдайларда астронавтар сүйек тығыздығының жоғалуына, бұлшықет атрофиясына, жараның баяу жазылуына, жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі өзгерістерге және психологиялық күйзеліске тап болады.
Университеттің партиялық хатшысы Чжу Дицзянь жерден тыс кеңістікті игеру саласындағы жаһандық бәсекелестіктің күшеюі аясында экипаждардың денсаулығын сақтау мәселесі ұлттық зерттеулердің басым бағыттарының біріне айналғанын атап өтті.
Университет жанындағы Клиникалық медицина колледжінің басшысы Сюй Чжиминнің айтуынша, жоба болашақта тек кәсіби астронавтар үшін ғана емес, сонымен қатар, коммерциялық жолмен ұшқандарға да қажет болатын мониторинг және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін ауқымды түрде кеңейтуді көздейді.
Орбиталық медициналық көмек жүйесін дамыту бекітілген мемлекеттік бағдарлама аясында маңызды факторға айналуда. Қытай 2030 жылға қарай Ай бетіне экипажды қондыруды жоспарлап отыр, сондай-ақ, ғарыштық туризмді дамытуды белсенді қолдайды.