
2025 жылы Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы 415,8 млн долларға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға артық (394,3 млн доллар).
Екі елдің сауда көрсеткіштері Астанадағы жиында сөз болды. Вице-премьер Серік Жұманғарин бүгін Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Мищенкомен кездесті. Олар сауда мен экономика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Бұған қоса, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссияның қызметін қайта бастау мүмкіндігі талқыланды.
Қазақстан Украинаға негізінен ферроқорытпа, тыңайтқыш, күріш және басқа да тауар экспорттайды. Елге шоколад және құрамында какао бар басқа да өнімдер, ұн және кондитерлік өнімдер, дәрілік заттар, сүзбе мен ірімшік және тағы басқа да өнім жеткізіледі.
Украина төрт жылдан астам уақыттан бері соғысып жатыр. 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей күштері украин аумағына басып кірген. Көрші елдердің жауласқанын қаламайтын ресми Қазақстан даулы мәселеде бейтарап саясат ұстануға тырысады.