
Алматы облысы Қытайдың тағы 24 компаниясымен келісімшарт жасады. Қазір өңірде қытай капиталының қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді.
«Қытай – ғасырлық досымыз»
Алматы облысы мен Қытайдың Шэньси өңірі арасындағы сауда-экономикалық форумы Сиань қаласында ұйымдастырылды. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, әкім Марат Сұлтанғазиев бастаған делегация мен қытай компаниялары 24 меморандумға қол қойды. Көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, биотехнология, IT салалары бойынша құны 1 трлн теңгеден асатын бизнес жобалар тізімі жасалды.
«Қытай – ең ірі сауда серіктесіміз, көршіміз және көп ғасырлық досымыз. Алматы облысы Қытай Халық Республикасымен тікелей шектеседі. Бұл сауда, логистика, өнеркәсіп және трансшекаралық жобалар үшін қолайлы», – дейді Сұлтанғазиев.
Өңір әкімінің айтуынша, қазір жалпы құны 6,2 трлн теңге болатын (іске қосылған жобаларды есептемегенде) 216 инвестициялық жоба қолға алынған. Солардың арқасында 80 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. 72 жоба шетел инвесторларының қатысуымен іске асып жатыр. Олардың жалпы құны – 3,9 трлн теңге. Ал жоспарланған жұмыс орындарының саны 27 мыңнан асады.
Қытайлар көп
Кейінгі үш жылда Алматы облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асты. Қазір облыста Қытай капиталының қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Логистикадан бастап өнеркәсіп саласындағы ірі жобалар қолға алынған.
«Инвестициялар – тек капитал ғана емес, сенім мен шынайы серіктестіктің көрінісі. Сондықтан Алматы облысында жұмыс істейтін шетел компаниялары өңірдің әлеуетін көріп, көпжылдық жоспарын, тың жобаларын жүргізіп жатыр»», – дейді Сұлтанғазиев.
Әкімдік мәліметінше, алдағы уақытта Алматы облысы мен Қытай арасындағы ынтымақтастық нығайып, ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылады.
Бұған дейін Kursiv.Media Алматы қаласында Қытай туристері күрт көбейгені туралы жазған. Ал Орталық Азиядағы ең ірі аквапарк Түркістан қаласында қытай инвестициясымен салынғалы жатыр.