
АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы екі-үш аптаның көлемінде Иранға жойқын соққы жасауға уәде берді.
«Алдағы екі-үш аптаның көлемінде біз Иранға жойқын соққы жасаймыз. Біз оларды тас ғасырына қайтарамыз. Олардың орны сол», – деп мәлімдеді Ақ үй қожайыны. Оның сөздерін CNN таратты.
Телеарна Трамптың «тас ғасырына қайтару» туралы сөз тіркесін Иранға қатысты бірнеше мәрте қайталағанына мән берді. Осының алдында ғана америкалық президент өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісінде «біз Иранның көзін жоямыз», «тас ғасырына қайтарамыз» деп жазған.
CNN Трамптың 20 минутқа созылған үндеуінде Иранға қатысты бұған дейін айтылған тезистер тағы қайталанғанын ерекше атап өтті. Ол соғысты америкалықтар болашағына салынған «инвестицияға» балаған.
Ирандағы соғыс 2026 жылғы 28 ақпанда басталды. Сол күні АҚШ пен Израиль күштері Тегеран және басқа да қалалар мен маңызды нысандарды атқылады. Артынша Иран Таяу Шығыстағы елдердегі америкалық базалар мен инфрақұрылымдарға, Израильге зымыран жаудырды.