Жаңалықтар

Теңге мен доллар: ұлттық валюта бағамын не күтіп тұр

Фото: kursiv.media

Халықаралық сарапшылар ұлттық валютаның нығаюына қатысты оң болжамдарын жариялады. JP Morgan талдаушылары теңгенің соңғы уақыттағы динамикасын «тұрақты» деп бағалаған.

Экономист Данияр Темірбаев теңгенің қазіргі қарқынына екі негізгі фактор әсер етіп отырғанын алға тартады: Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты және Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты мұнай бағасының жоғарылауы. Трамптың «бітімгершілік» әрекеттерінен кейін шикізат нарығындағы бағаның өсуі ұлттық валютаға үлкен демеу болды.

Сарапшының пайымдауынша, осындай қолайлы жағдайда доллар бағамының бұрынғы ең жоғары шегіне қайта оралуы екіталай. Жақын арада валюта нарығында тұрақтылық сақталады. Тіпті, теңге бағамы бұдан ары (айтарлықтай болмаса да) нығая түсуі әбден мүмкін.

Алайда көптеген сарапшылар 2026 жылы ұлттық валюта нығаяды дегенге сенімсіздікпен қараған еді. Мәселен, PwC компаниясы жүргізген сауалнамаға сүйенсек, мамандар алдағы бір жыл көлемінде доллар бағамы 500-ден 555 теңгеге дейін көтеріледі деп топшылаған.

Тіпті, олардың ұзақ мерзімді болжамдары бұдан да жоғары:

  • 3 жылдан кейін: 530–607 теңге;
  • 5 жылдан кейін: 550–660 теңге аралығында болады деп күтілген.

Алайда нарықтағы жағдай бұл болжамдардан өзгеше өрбіді. 1 сәуірде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық қорытындысы бойынша, доллар бағамы 474,4 теңгені құрады.

Тек наурыз айының өзінде теңге бағамы долларға шаққанда 3,9%-ға нығайып, мамандардың күткенінен анағұрлым тұрақтылық танытты. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те теңгенің құнсыздануына негіз жоқ деп мәлімдеген.