Zeekr 7 GT және Zeekr 007 модельдері мыңға жуық шақырымды бағындыра алады

Қытайда Zeekr 7 GT және Zeekr 007 модельдерінің алдын ала сатылымы басталды. Бұл көліктердің жүріс қоры – 905 шақырым.
Carnewschina ақпаратына қарағанда, екі модель де үш түрлі комплектацияда ұсынылып отыр. Олар ең жаңа G-Pilot H7 жүргізушіге көмек жүйесімен жабдықталған. 905 км-ге дейін жүре алады және 784 ат күшіне тең екі электрқозғалтқышы бар толық жетекті жүйеге ие.
1000 доллар жеңілдік
2 сәуір күні Zeekr компаниясының өкілдері 7-сериялы модельдерге алдын ала тапсырыс қабылдау басталғанын хабарлады. Бұл қатарға 007 седаны мен 7 GT (Shooting Brake) универсалы кіреді. Соңғысы Қытайда 007 GT атауымен сатылады. Алдын ала тапсырыс беру үшін шамамен 290 доллар жеткілікті. 10 сәуірге дейін, яғни ресми сатылым басталғанға дейін тапсырыс бергендер 1000 доллар жеңілдік алады.
Егіз модель
Zeekr 007 және Zeekr 7 GT – PMA2+ модульдік платформасына негізделген егіз модель. Жаңартылған нұсқаларында 900 В жоғары кернеулі жүйе қолданылады. Сондай-ақ, олар LiDAR сенсоры мен 700 TOPS есептеу қуатына ие Nvidia Drive Thor-U чипімен жабдықталған G-Pilot H7 жүргізушіге көмек жүйесін алды.
Жаңартылған Zeekr 007 седанының өлшемдері: 4858 × 1900 × 1450 мм. Zeekr 7 GT сәл ірілеу – 4868 × 1900 × 1460 мм. Екі модель де үш комплектацияда ұсынылады.
Базалық нұсқа – 75 kWh RWD Max
Бұл нұсқада артқы осьте орналасқан бір электрқозғалтқыш бар. Қуаты – 370 кВт (496 а.к.). Көлік 75 кВт⋅сағ литий-темір-фосфат батареясымен жабдықталған. 5,5C жылдам зарядтау технологиясы батареяны 10%-дан 80%-ға дейін 10,5 минутта толтыруға мүмкіндік береді.
Zeekr 007: 0–100 км/сағ – 4,8 сек, жүріс қоры – 715 км (CLTC).
Zeekr 7 GT: 0–100 км/сағ – 5 сек, жүріс қоры – 702 км.
Жабдықтары: Үздіксіз демпферлеу жүйесі, Zeekr Sound Pro аудиожүйесі және 35,5 дюймдік AR-проекциялық дисплей.
Орта нұсқа – 103 kWh RWD Max
Бұл нұсқада да 370 кВт электрқозғалтқыш қолданылады. Бірақ 103 кВт⋅сағ сыйымдылығы бар NMC батареямен жабдықталған. 6C технологиясы арқылы 10-80% зарядты 10 минутта жинай алады.
Zeekr 007: 0–100 км/сағ – 4,6 сек, жүріс қоры – 905 км.
Zeekr 7 GT: 0-100 км/сағ – 4,8 сек, жүріс қоры – 880 км.
Топ нұсқа – 103 kWh AWD Ultra
Бұл ең қуатты нұсқа. Екі электрқозғалтқыштың жалпы қуаты – 585 кВт (784 а.к.).
Zeekr 007: 0-100 км/сағ –2,73 сек, жүріс қоры – 800 км.
Zeekr 7 GT: 0-100 км/сағ – 2,85 сек, жүріс қоры – 760 км.
Ерекшеліктеріне келсек, адаптивті фаралары мен пневматикалық аспасы бар.
FR-Line пакеті
Қосымша ретінде жаңартылған модельдерге FR-Line пакетін орнатуға болады. Ол ерекше интерьер түстерін, бүйірлік тірегі электрлі реттелетін спорт орындықтарды, спорттық рульді және қызғылт сары төрт поршеньді суппорттары бар 20 дюймдік дөңгелектерді қамтиды. Бұл пакеттің бағасы әзірге жарияланған жоқ.
Айта кететін жайт, Қытайлық Zeekr бренді жаңа Zeekr 8X кроссоверіне алдын ала тапсырыс қабылдауды бастады. Сатып алушылар небәрі 38 минуттың ішінде жаңа модельге 10 мың тапсырыс беріп үлгерген