Жарты ғасырдан соң төрт ғарышкер Айға аттанды (фото)

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Артемида миссиясы Айға ұшты
SLS зымыраны «Орион» ғарыш кемесін алып ұшты / фото: НАСА

2 сәуірге қараған күні Артемида II миссиясының төрт ғарышкері Айға аттанды. Олар Жердің табиғи серігіне қонбай, бір айналып қайта оралады.

Артемида II миссиясы: Айға ұшқан ғарышкерлер
Зымыран тасығыш Флорида штатындағы ғарыш айлағынан әуеге көтерілді / фото: NASA HQ PHOTO

АҚШ-тың Флорида штатындағы Кеннеди атындағы ғарыш айлағынан Space Launch System (SLS) зымыран тасығышы Астана уақытымен түнгі сағат 03:24-те әуеге көтерілді. Boeing компаниясы дайындаған зымыран «Орион» ғарыш кемесін орбитаға алып шықты.

Осылайша НАСА-ның Артемида II миссиясы ресми түрде басталды. Мақсаты – 2028 жылы адамды Айға қондыру.

Артемида II миссиясы: Айға ұшқан зымыран
Жүздеген адам ғарыш кемесінің ұшу сәтін тамашалады / фото: NASA

Осы жолғы сапар 10 күнге созылады. Ғарышкерлер Айды бір айналып, Жерге қайта оралады. Төрт адам Айдың бізге көрінбейтін арғы бетін тамашалайды.

Артемида II миссиясын НАСА ғарышкері Рид Уайзман басқарады. Онымен бірге Айға миссия ұшқышы Виктор Гловер, миссия маманы Кристина Кох, сонымен бірге канадалық ғарышкер Джереми Хансен аттанды.

Артемида II миссиясы: Айға ұшқан ғарышкерлер фото NASA
Төрт ғарышкер маңызды миссия қарсаңында / фото: NASA

Екінші сапар сәтті аяқталса, 2027 жылы Артемида III, ал 2028 жылы Артемида IV миссиялары ұйымдастырылады. Төртіншісінде ғарышкерлер Ай бетіне қонуы тиіс. Ал Артемида V және VI миссиялары барысында Жер серігінің Оңтүстік полюсінде ай базасы салына бастайды. Жоба құны – 30 млрд доллар.

Сондай-ақ оқыңыз