Жаңалықтар

Әл-Фараби даңғылығындағы апат: Алматы полициясында «тазалау» жүріп жатыр ма

полиция
Фото: Kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Үш адамның өмірін жалмаған жол апатынан кейін Алматыға әр өңірден полиция қызметкерлері тартылуда. Журналистер ІІМ орынбасары Бауыржан Әленовтен мұның себебін сұрады.

Алматылық полицейлер жаппай қызметтерінен босатыла ма

Алматы полицейлерін қызметтерінен босатып, «толығымен тазартады» деген ақпарат айтылуда. Журналистер елдің түкпір-түкпірінен патрульдік көліктер не үшін келіп жатқанын сұрады. Алайда ІІМ орынбасары бұл мүлдем олай емес екенін, қарапайым жоспарлы іс-шара деп сендірді.

«Жоқ, ешқандай тазарту болмайды. Тағы да қайталап айтамын, бұл жоспарлы шара. Мұндай жұмыстарды біз Астанада, басқа облыс орталықтарында да қажетті жағдай туындағанда өткіземіз. шкімді кінәлі деп айыптау немесе қудалау қарастырылмаған», – деп түсіндірді ІІМ орынбасары Сенат кулуарында.

Аленов жол қауіпсіздігі үшін жауапкершілік тек құқық қорғаушыларға ғана емес, азаматтарға да қатысты екенін еске салды.

«Статистикаға қарасақ, жол-көлік оқиғалары әлем бойынша ерекше бақылауда. Бірақ біздің мегаполисімізде қазіргі уақытта жол қозғалысы ережесін бұзған бірнеше жүргізуші осындай ауыр жол-көлік апатына себеп болды. Оларға қатаң шаралар қолданылатын болады», –  деді ол.

БАҚ өкілдері резонансты апатқа қатысты тергеу нәтижелерін де сұрады.

«Бұл факті тексеріліп жатыр. Ішкі істер министрлігінен арнайы комиссия сол жерде жұмыс істеп жатыр. Сіздер де естідіңіздер, іс қозғалды. Бірқатар басшылар өз қызметінен босатылды. Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарлаймыз», – деп мәлімдеді Әленов.

Әл-Фарабидегі жол апаты жайлы

Еске салайық, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында жол апаты болып, үш адам қайтыс болды. Ал апатқа кінәлі деген күдікті ауруханаға түсті. Осыдан кейін даңғылда түнде заңсыз көлік жарыстары ұйымдастырылған, оған құзырлы орган өкілдері де қатысқан болуы мүмкін деген қауесет тарады. Полиция департаменті ол деректі тексеруге уәде берді. Ал жантүршігерлік жол апатынан қайтыс болғандардың туыстары тергеу барысына күмәнмен қарайды.