
Күн жылына бастағанда энцефалит және боррелиоз сияқты қауіпті инфекцияларды тарататын кенелер белсенді болады. Осыған байланысты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жұқпалы аурулардың алдын алу жөнінде ескерту жасады.
Кенелер тек орманда емес, қалалық саябақтарда, аулаларда, демалыс үйлерінде және тіпті шөп басқан тротуар бойында да кездеседі. Кененің шағуын адам бірден сезбеуі мүмкін – осы себептен көптеген адамдар мәселені кеш байқайды.
Кененің қауіпі
Кенелер ауыр ауруларды тасуы мүмкін, соның ішінде кене энцефалиті және боррелиоз бар. Симптомдар бірден білінбеуі мүмкін, кейде бірнеше күн немесе бірнеше аптадан кейін ғана білінеді.
Дәрігерлер кененің бір рет шаққанының өзі қауіп тудыратынын айтады. Әсіресе, кене ұзақ уақыт теріде болса, қауіптілігі артады.
Кенеден қалай қорғану керек?
Министрлік кенеден сақтану үшін табиғи ортада болу кезінде, әсіресе, кене энцефалитінің эндемиялық аумағына жатқызылған жерлерде тауға немесе орманға барғанда сақ болуға шақырады.
Тау немесе орманға барғанда мынадай ұсынымдарды орындаған абзал:
- дененің және киімнің ашық жерлерін өңдеу үшін репелленттерді қолдану керек;
- жабық киім кию – ұзын жеңді жейде, киіп, шалбарды шұлыққа салған абзал; басқа орамал тағып, немесе капюшон киген жөн;
- киім мен денені үнемі тексеріп отыру қажет;
- денеден кене табылған жағдайда, дереу медициналық ұйымға хабарласу керек;
- ал кенені өз бетіңізбен алатын болсаңыз, кенені бірден тартпаған дұрыс; егер тұмсығы қалған болса, пинсетпен алу ұсынылады; шаққан орынды йодпен өңдеп, қолды мұқият жуу қажет.