Жаңалықтар

Жасы емес, еңбек өтіліне қарай: Қазақстанда зейнетке шығу реформасын өзгерту ұсынылды

Фото: shutterstock

Қазақстанда зейнет жасын еңбек өтіліне қарай есептеу туралы бастама көтерілді. Сенат депутаты Амангелды Нұғманов еңбек өтілі негізіндегі зейнетақы үлгісіне көшуді ұсынды.

Оның айтуынша, үкімет қазіргі жасқа негізделген жүйеден біртіндеп бас тартып, нақты еңбек өтіліне сүйенетін жүйеге көшуі керек.

Жобаның мәні – адам қажетті еңбек өтіліне жеткеннен кейін, өз еркімен қашан зейнеткерлікке шығатынын таңдай алады.

«Бірақ бұл шешім үшін азамат өзіне экономикалық жауапкершілікті де алуға тиіс», – деді депутат.

Қазіргі уақытта Қазақстанда осындай тәсіл кейбір санаттағы адамдарға қолданылады. Яғни, әскери қызметкерлер, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері еңбек өтіліне байланысты зейнетақы алады. Енді ұқсас принципті басқа санаттағы азаматтар үшін де қарастыру ұсынылды.

Сенатордың пікірінше, осындай тәсіл бюджетті және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аз жүктеме салады. Сондай-ақ жұмыссыздықты қысқартуға және адамдардың еңбекке көзқарасын өзгертуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Қазақстанда зейнеткерлік жас өзгеріссіз қалды. Ерлер 63 жаста, ал әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып белгіленген. 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы кезең-кезеңімен ұлғая бастайды.