Сенатор көшеде орташа жылдамдықты бақылауды ұсынды

Сенатор Марат Қожаев жол ережелерін жүйелі бұзғандарға жауапкершілікті күшейтуді және қалада орташа жылдамдыққа бақылау енгізуді ұсынды.
Қожаев жолдағы кезекті қайғылы оқиғалардан соң бұл мәселені қайта көтерді.
«Жүргізушілердің жол ережесін елемеуі мен жауапсыздығының салдарынан азаматтардың өмірі қыршыннан қиылды. Бұл мәселе әсіресе ірі қалаларда өткір көрініс тауып отыр. Мұнда агрессивті жүргізу, жылдамдықты арттыру, түнгі жарыстар және басқа да жол қауіпсіздігі талаптарын бұзу жиі кездеседі», – деді сенатор Үкімет басшысына жолдаған сауалында.
Сенатор өткен жылы да жол ережесін үнемі бұзатындарға жауапкершілікті күшейту жайлы бастама көтергенін еске салды.
«Сол уақытта үкімет депутаттардың ұстанымын қолдады. Олар 1 жыл ішінде 10 және одан көп құқық бұзған тұлғаларды жол қозғалыс ережесі бойынша білімін тексеруге жіберуді, емтихан тапсыру кезеңінде жүргізуші куәлігін тоқтатуды қарастыратын мәлімдеген еді Сондай-ақ, 10 және одан көп құқық бұзғандарға 50%-дық айыппұл жеңілдігін алып тастауға қатысты түзетулер әзірлейтінін хабарлады», – деді сенатор.
Марат Қожаев жол қозғалысы саласындағы жүйелі бұзушылықтарды болдырмау үшін заңнаманы одан әрі жетілдіру қажет деп санайды.
«Ресми статистикаға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының 90%-ға жуығы жүргізушілердің кінәсінен туындайды. Әсіресе жылдамдықты асыру, бұл өлімге әкелетін жол апаттарының басты себебі болып отыр», – деп қосты депутат.
Жүргізушілер камера маңында ғана жылдамдықты азайтады…
Оның пікірінше, жылдамдықты асыруды тіркеу механизмін одан әрі жетілдіру қажет.
«Қазіргі кезде көбінесе көліктің жылдамдығын дәл тіркеу әдісі қолданылады. Алайда жүргізуші камераға жақындаған кезде қысқа уақытқа жылдамдығын төмендетіп, кейін қайта асырады да, бақылау аймағынан шығып кетеді. Сол арқылы жүргізуші іс жүзінде жол ережесін сақтамай, тіркеу жүйесін айналып өтуді үйренеді. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, белгіленген жылдамдық тек бір нүктеде емес, жол учаскесінің барлық бөлігінде сақталуы тиіс. Сондықтан қазіргі тәсіл жеткілікті алдын алу әсерін бермейді. Заңнамада орташа жылдамдықты бақылау механизмдері енгізілген, олар жол бойындағы нақты жылдамдықты өлшейді және жылдамдық режимінің сақталуын толық қадағалауға мүмкіндік береді», – деді Қожаев.
Депутат ұсынысы
Депутат жол қозғалысы ережелерін жүйелі бұзушылықтарға кешенді жауап беру жүйесін құру қажет деп санайды. Бұл жүйе жауапкершіліктің ұлғаю моделіне негізделуі керек.
«Бұл модель жеңілдетуші механизмдерді қоспауды, айыппұлды қысқартылған тәртіппен төлеу мүмкіндігін алып тастауды, жол ережелері бойынша қайта тексеруден өтуге дейін жүргізуші куәлігін уақытша тоқтатуды, ережелерді бірнеше рет бұзғандарға жүргізуші куәлігін ұзақ мерзімге тоқтатуды, сондай-ақ демонстративті қауіпті және ауыр бұзушылықтар кезінде әкімшілік қамауды қолдануды қарастыруы тиіс», – деді депутат.
Жол ережесін бұзбайтын жүргізушілер жеңілдіктер жасау
Сондай-ақ сенатор керісінше жол ережелерін бұзбайтын жүргізушілерге арнайы марапаттау жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл міндетті сақтандыру төлемін төмендету, сервистік қызметтерде жеңілдіктер жасау және қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған басқа да ынталандыруларды қамтуы мүмкін.
Үкімет басшысы депутаттың бұл бастамасын құптады. Олжас Бектенов жол қозғалысы туралы заңнаманы жүйелі түрде бұзғаны үшін жауапкершілікті кеңейту туралы бастамасын қолдайтынын жеткізген.