Жаңалықтар

Ақмола облысында қарғын су ауылдағы автожолды шайып кетті (видео)

Ақмола облысындағы тасыған су жолды шайып кетті
Жергілікті тұрғындар жылда қайталанатын оқиға екенін айтты / коллаж: Kursiv.Media, Ақмола ТЖД

Ақмола облысында тасыған су Бұланды ауданына қарасты Қараөзек ауылы маңындағы автожолды шайып кетті. Бұл туралы осы өңірдің төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Басқарманың мәліметінше, Қараөзек ауылының дәл қасынан өтіп жатқан автожолдың 70-80 метрін қарғын су шайып кеткен. Мұндағы судың тереңдігі 15-20 см.

Ауылдың қасынан Қайрақты өзені ағып өтеді. Біржан сал ауданындағы Макинка ауылынан, сонымен бірге Бурабай ауданының Қаражар ауылынан келген су осы өзенге құяды. Жылда көктемде Қайрақты тасып, ауыл маңындағы жолды жырып өтеді.

Қарғынның қарқыны айтарлықтай күшті екенін департамент жариялаған видеодан аңғаруға болады:

https://kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2026/04/aqmola-oblysy-su-tasqyny.mp4

Қараөзек ауылында 1021 адам тұрады. 242 үй бар.

Ақмола облысы ТЖД бастығы Бақытжан Алашов су тасыған өңірге барып, жағдайды өз көзімен көрді. Ол Қараөзек басшыларына ескерту жасады.

«Келесі жылы қайталанбайтын шаралар қолдану керек. Халыққа ыңғайлы жағдай жасалсын. Мына жерден халық өте алмайды. Шаруаны биыл бітіру керек», – дейді ол жолды шайып кеткен қарғынға қарап тұрып.

Мекеме қызметкерлері қарғын судың қарқыны 3-4 күнде бәсеңдейді деп болжайды.

Департамент мәліметінше, Ақмола облысы аумағында жеке тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ.