
Өзбекстанның Ферғана қаласында 31 наурыз күні бір ер адам автонесие рәсімдеу үшін банкке барып, із-түзсіз жоғалып кеткен.
Kun.uz ақпаратына қарағанда, көп ұзамай банк қызметкері ұсталды. Ол клиентпен жанжалдасып, өлтіріп, оның мәйітін Үлкен Ферғана каналына тастағанын мойындады. Қазіргі уақытта мәйітті іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Екі сағаттан кейін жалғыз оралды
Жақындарының айтуынша, марқұм соңғы рет банк ғимаратынан банк қызметкерімен бірге шығып кеткен. Ал әлгі қызметкер екі сағаттан кейін жалғыз қайтып оралған.
Бас прокуратураның ақпарат қызметінің мәліметінше, тексеру барысында күдікті ретінде Қоқан қаласындағы банктердің бірінің несие бөлімінің маманы ұсталды. Ол клиентті өлтіргенін мойындаған.
Ас үй пышағы
Күдіктінің айтуынша, марқұм акция аясында автонесие алу үшін банкке келген. Екеуінің арасында жанжал туындап, сөйлесу үшін олар Tracker автокөлігімен шығып, Өзбекстан ауданының «Тараққиёт» махалласы аумағына барған. Сол жерде көлік ішінде күдікті жәбірленушінің мойын тұсына ас үй пышағымен бірнеше рет соққы жасап, оны өлтірген.
Осыдан кейін ол мәйітті көлікте қалдырып, жұмыс орнына қайта оралған. Жұмыс аяқталған соң, ол Өзбекстан ауданы «Тулаш» махалласы маңындағы Үлкен Ферғана каналына барып, мәйітті суға тастаған.
Мәйіт судан ізделіп жатыр
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 97-бабы 1-бөлігі (қасақана адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Банк қызметкері қамауға алынды. Қазіргі уақытта қаза тапқан адамның мәйіті табылған жоқ. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Іздестіру жұмыстарына Ферғана облыстық ТЖБ қызметкерлері тартылған. Сондай-ақ іздеуге жергілікті тұрғындар да қатысуда.
Сонымен қатар, Түркістан облысының екі тұрғыны көлік жуу орнында болған аса қатыгездікпен кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу қылмыстары бойынша кінәлі деп танылды.