Lifestyle

Димаш Құдайберген туралы кітап халықаралық көрмеде таныстырылады

Димаш Құдайберген әнші
Димаш туралы кітап пен альбом жәрмеңкеде сатылады / фото: shutterstock

Елордадағы Президент орталығында 22-26 сәуір күндері «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірінде эстрада жұлдызы Димаш Құдайберген туралы кітап таныстырылады.

Астана әкімдігінің мәліметінше, көрмеге 80-ге жуық кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады. Олардың арасында Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания баспалары бар.

Бес күндік кітап жәрмеңкесінде жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі. Мынадай шығармалар таныстырылады:

  • Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағы;
  • Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасы;
  • «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабы;
  • Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомы;
  • Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасы;
  • Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романы;
  • Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке» кітабы;
    Испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары»;
  • Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды» еңбегі;
    Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел» жинағы;
  • Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабы;
  • Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы»;
  • «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомы.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.

Ал 23 сәуірде Ұлттық кітап күні мерекесіне орай «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты шара өтеді.