
3 сәуірде Қазақстан қор биржасында (KASE) Астана уақытымен сағат 13:00-дегі мәлімет бойынша 1 доллар 468,70 теңге болды. Ұлттық валюта бүгін де тағы бірнеше теңгеге нығайды.
Төл теңге бір жарым айдан бері үздіксіз күшейіп келеді. Соңғы рет дәл қазіргідегідей төмен бағам KASE-де 2024 жылғы 17 маусымда тіркелген. Былтыр күзде ғана ұлттық валюта 550 теңгеге дейін құнсызданып, қайта нығайған.
Бір күн бұрын, бейсенбі күні биржадағы валюта саудасы 472,65 теңгемен жабылған еді. Содан бері доллар шамамен тағы 3 теңгеге арзандағанын көріп отырмыз.
Жұма күні түсте Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер долларды 470 теңгеден төмен бағаға саудалап жатыр.
Елдегі валюта айырбастау мекемелерінде де доллар арзан. Kurs.kz мәліметінше, қазір Алматы қаласында 1 доллар 468,5 теңгеден қабылданып, 471 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласында, әдеттегідей, бағам сәл қымбатырақ – 467 және 474 теңге.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллардың арзандау себебін түсіндірген.