
2 сәуір күні жарияланған деректерге сәйкес, өткен аптада Түркия Орталық банкінің алтын қоры 69,1 тоннаға азайып, 702,5 тоннаны құрады. Ирандағы соғыстың нарыққа тигізер зардабын азайтуға тырысқан биліктің әрекетінен соңғы екі аптадағы жалпы кему көрсеткіші 118 тоннадан асып жығылды.
Бұл – Орталық банк есеп бере бастаған 2013 жылдан бергі ең ірі апталық құлдырау. Резервтердің мұншалықты азаюы банктің лира бағамын ұстап тұру және шетел валютасының қорын толықтыру үшін алтынды сату немесе своп (swap) операцияларына пайдалану туралы шешімін айқындайды.

Түркияның алтын қоры азаюда
Үш бірдей банкирдің есептеуінше, өткен аптада Орталық банк шамамен 26 тонна алтын сатқан, ал 42 тоннасы своп-транзакцияларға жұмсалған. Ресми мекеме бұл есептеулерге қатысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Айта кетейік, оның алдындағы аптада да алтын қоры 49,3 тоннаға азайған болатын.
Соғыс салдарынан әлемдік энергия ресурстары бағасының күрт өсуі жағдайында Орталық банк лираны қолдау және нарықтағы өтімділікті арттыру үшін алтын қорын пайдалануға және шетелдік валютаны жаппай сатуға көшті.
Осы аптада Лондонда инвесторлармен кездесуге барар алдында Орталық банк төрағасы Фатих Карахан валюталық өтімділік қажет болған жағдайда алтынмен қамтамасыз етілген транзакцияларды қолдану стратегиясын қорғап сөйледі. Ол мемлекеттік «Анадолу» агенттігіне берген сұхбатында банктің резервтерді басқару мен өтімділік құралдарын пайдалануда «белсенді, икемді және бақылаулы» тәсілді ұстанатынын мәлімдеді.