Қазақстан үкіметі халықтың табысын арттыруға ниетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Халықтың табысын қалай арттырады / Фото: shutterstock

Қазақстан үкіметі кешенді жоба әзірлеп, халықтың табысын арттыруға ниетті. 2026 жыл,бұл бағыттағы бетбұрыс кезеңі болмақ. Алайда, құрғақ цифрлар мен уәденің артында қандай нақты тетіктер мен жүйелі мәселелер тұр?

Инфляция мен жалақының арасалмағы

Мемлекеттің басты мақсаты – 2028 жылға қарай халықтың нақты табысын 2-3 пайызға өсіру. Бұл жерде «нақты табыс» деген – инфляцияны шегеріп тастағандағы ақшаның сатып алу қабілеті.

Егер инфляция деңгейі жоспарланғандай 2026 жылы 9-11 пайызға дейін төмендемесе, жалақының кез келген өсімін қымбатшылық «жұтып кетеді». Сондықтан Үкімет «жалақының көлеміне» емес, оның «салмағына» басымдық беріп отыр.

Мораторийден кейінгі жағдай қандай болады

Былтыр коммуналдық қызмет мен жанар-жағармай бағасына қойылған мораторий инфляцияны тежеуге көмектесті. Бірақ бұл уақытша шара болды. Сәуір айынан бастап тариф саясаты қайта қаралады. Дегенмен, халыққа салмақ түсірмеу үшін екі түрлі сүзгі қолданылмақ:

  1. Бизнесті қолдау: Әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілер үшін электр қуаты мен тасымал тарифтері 70 пайызға дейін арзандатылады. Бұл азық-түлік бағасының күрт өсуін тежеуі тиіс.
  2. Атаулы көмек: Мұқтаж жандар үшін коммуналдық шығынды өтеу тетіктері сақталады.

Ұлттық қордан ақша алмайды

2026 жылдың басты ерекшелігі – соңғы 5 жылда алғаш рет республикалық бюджетке Ұлттық қордан нысаналы трансферт алынбайды. Бұл экономика үшін жақсы белгі. Неге? Өйткені Ұлттық қордан ақшаны оңды-солды алу экономикадағы артық ақша массасын көбейтіп, инфляция қарқынын арттыратын.

Бюджет тапшылығын 2028 жылға қарай ЖІӨ-нің 0,9 пайызына дейін төмендету жоспарланған. Бұл мақсатқа жету үшін Үкімет «көлеңкелі экономикамен» күресіп, тиімсіз салық жеңілдіктерін қайта қарауға мәжбүр.

Қазақстанда жалақы өскенімен инфляция халықтың қалтасын жұқартып жатыр. 2025 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық атаулы жалақы 473 158 теңгеге жетіп, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға өскен. Алайда қағаз жүзіндегі бұл оптимистік көрсеткіш қазақстандықтардың нақты тұрмыс жағдайын толық көрсете алмайды.

Сондай-ақ оқыңыз