Тұрғын үй нарығындағы «16 пайыздық» өзгеріс: пәтер бағасы неге күрт қымбаттады

Жарияланды 3 Сәуір 2026 12:32

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Қосылған құн салығы жаңа пәтер бағасын қаншаға қымбаттады / Фото: shutterstock,

Жылжымайтын мүлік нарығында ереже өзгерді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі бастапқы нарықтағы пәтер бағасына тікелей әсер ете бастады. Енді шаршы метрдің құны тек құрылыс материалдарына емес, жаңа салық мөлшерлемесіне де тәуелді. Qazaq Expert Club сарапшысы Диляра Сейтнурованың айтуынша, бұл жаңалық сатып алушылар үшін күтпеген шығын алып келеді.

«Жарты ғұмырымды құрылыс саласына арнадым. Осы жылдар ішінде нарықтағы талай өзгерісті көрсем де, 1 қаңтардан бастап енгізілген жаңалық тіпті мені де таңғалдырды. Бұл ережелерді түбегейлі өзгертіп, жаңа үй сатып алушылардың қалтасына айтарлықтай салмақ салып отыр», – дейді сарапшы Диляра Сейтнұрова.

Заң бойынша не өзгерді?

2026 жылға дейін Қазақстанда тұрғын үй нысандары қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған болатын, яғни мөлшерлеме нөлге тең еді. Сатып алушы бұл салықты мүлдем сезбейтін. Алайда жаңа Салық кодексіне сәйкес, 1 қаңтардан бастап жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтер бағасына 16 пайыз қосылған құн салығы қосылады.

Бірақ бір маңызды жайт бар: егер нысанның құрылысы 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін басталса, онда жеңілдік сақталады және салынушы нөлдік мөлшерлемені қолдана алады. Ал құрылысы биыл басталған үйлерде бұл салық тікелей бағаға қосылады.

16% салық: нақты ақшамен есептегенде қанша болады?

Сарапшы Диляра Сейтнурова Алматы нарығындағы нақты сандарды мысалға келтіреді. Ауданы 50 шаршы мерт болатын пәтердің бағасы салық салынған соң былай өзгермек:

  • Пәтердің негізгі құны: 32,5 млн теңге.
  • Оның үстіне 16% ҚҚС: 5,2 млн теңге.
  • Жалпы төленетін сома: 37,7 млн теңге.

Яғни, тек бір ғана салықтың әсерінен пәтер бағасы 5 миллион теңгеге қымбаттап тұр. Құрылыс компаниялары бұл соманы жарнамадағы бағаға қосып жіберетіндіктен, сатып алушы оны байқамай қалуы мүмкін.

Пәтер бағасында ҚҚС бар-жоғын қалай білуге болады?

Көбінесе сату бөліміндегі менеджерлер бұл туралы ашып айтпайды. Кейде баға тізімінде «бүкіл салықты қамтиды» деп жазылғанымен, келісімшартқа қол қоярда ҚҚС бөлек жолмен қосылып, баға күрт өсіп кететін жағдайлар кездеседі. Осы орайда Диляра Сейтнурова сатып алушыларды қорғайтын 4 нақты қадамды ұсынады:

  1. Құрылыстың басталғаны туралы талон мен хабарламаны сұраңыз
    Бұл – ресми құжат. Егер нысан 2026 жылға дейін басталса, сіз 16% салық төлемеуге тиіссіз. Менеджердің сөзіне емес, құжаттағы күнге сеніңіз.
  2. Нысанды тіркеу туралы анықтаманы тексеріңіз
    2026 жылға дейін тіркелген нысандардың салықтық мәртебесі басқаша. Салынушы бұл құжатты көрсетуден бас тартса, бұл күмәндануға негіз болады.
  3. ҚҚС бағаның ішінде ме әлде үстіне қосыла ма?
    Бұл -маңызды мәселе. «18 млн теңге ҚҚС-ты есепке алғанда» деген сөз бен «18 млн теңгеге 16% ҚҚС қосылады» деген сөздің арасында 2,4 млн теңге айырмашылық бар. Бұл ақша ипотеканың бастапқы жарнасына тең.
  4. Келісімшарт пен шот-фактураны салыстырыңыз
    Келісімшарттағы жалпы сома мен шот-фактурадағы салық көрсетілген сома бір-біріне сай келуі керек. Егер айырмашылық болса, бұл – сіздің артық төлеп жатқан ақшаңыз.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтерілген. 

Сондай-ақ оқыңыз