Жаңалықтар

Қызыл Жарты Ай: соғыс басталғалы бері Иранда 140 мың үй мен ғимарат қирады

АҚШ пен Израиль соққысынан қираған үй, Тегеран
Қираған үйден сыртқа қарап тұрған иран әйелі. Тегеран қаласы, 30 наурыз 2026 жыл / фото: Majid Asgaripour/WANA via REUTERS

Қызыл Жарты Ай ұйымының Ирандағы бөлімшесінің есебінше, соғыс басталғалы бері Иранда 140 мыңға жуық үй мен ғимарат қирады. Ұйым мәліметін CNN телеарнасы таратты.

Гуманитарлық ұйымның мәліметінше, АҚШ пен Израильдің 2026 жылғы 28 ақпанда басталған соққыларынан кем дегенде 316 медициналық мекеме, 763 мектеп және Қызыл Жарты айдың 18 орталығы зардап шекті.

Иран астанасында қираған үйлер
Шабуылдардан зардап шеккен Тегеран қаласы, 3 сәуір 2026 жыл / фото: Majid Asgaripour/WANA via REUTERS

Соғыс басталғалы бері қызметтік иттер 693 құтқару-іздестіру операциясына қатысып, солардың бірқатарында үйінді астынан жаралы адамдар мен мәйіттерді табуға көмектескен.

Қазіргі Тегеран
Қазіргі Иран астанасы, 29 наурыз 2026 жыл / фото: Majid Asgaripour/WANA via REUTERS

Америкалық телеарна ұйым мәліметін тәуелсіз дереккөздер арқылы дәлелдей алмайтынын жазды.

Иранның бүкіл Парсы шығанағы аумағына зымырандар мен дрондар көмегімен шабуылынан әуежайлар, энергетика нысандары, сонымен бірге тұрғын үйлер зардап шекті.

Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп екі-үш аптада Иранға жойқын соққы беріп, осы елді «тас ғасырына қайтаратынын» мәлімдеген.