Жаңалықтар

«Сана тазармай…»: Абай облысының әкімі Берік Уәли үндеу жолдады

Абай облысының әкімі Берік Уәли
фото: Абай облысы әкімдігі

Абай облысының әкімі Берік Уәли өзі басқаратын өңір халқына үндеу жолдады. Шенеунік ортақ үйді таза, жайлы, көрікті етіп ұстауға кеңес берді. Әкімнің пікірінше, бұл – әркімнің «азаматтық борышы».

«Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ортақ. Ал тазалық дегеніміз – айына бір рет сенбілікке қатысу емес, бұл – біздің өңірде күнделікті дағдыға айналып, салт болып қалыптасуы тиіс үлкен мәдениет», – деп мәлімдеді Уәли.

Сана тазармай, қала тазармайды

Әкім былтыр сәуірде жалпыөңірлік сенбілік өткізгенін, 349 мың тұрғын 52 мың тонна қоқыс шығарғанын еске салды.

«Туған жеріміздің түлегені, тұрған ортамыздың кіршіксіз болғаны, ең алдымен, өзімізге керек. Облысымыздың тазалығы – әкімдік пен коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір отбасының жауапкершілігі», – дейді өңір басшысы.

Содан бері бір жыл өтті – қала қайтадан қоқысқа толыпты.

«Қысқасы, былтыр да айттық. Тағы да қайталап айтамыз. Сана тазармай, қала тазармайды. Міне, қыс бойы қар астына көмілген қоқыс көктеммен бірге қар еріген соң жылтырап шығып жатыр», – деп ренжіді әкім.

Уәли «тазалықты өзімізден бастайық» дейді. Оның пікірінше, нағыз патриот азаматтар тазалыққа үлгі болуы керек.

Үндеу соңында Берік Уәли тұрғындарды жалпыөңірлік сенбілікке белсенді қатысуға шақырды.