
Солтүстік Қазақстан облысында сот мүгедектігі бар жасөспірімнің құқығын қорғап, медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының шешімін заңсыз деп тапты.
СҚО сотының мәліметінше, сотқа баланың анасы жүгінген. Оның айтуынша, ұлы кішкентай кезінен бастап созылмалы ауру – ювенильді идиопатиялық артритпен ауырады. Бұл дерт буындардың ауырсынуымен, қозғалыстың шектелуімен қатар жүреді және аяқ-қолдың деформациясына әкелуі мүмкін.
Бала тұрақты медициналық бақылауда болып, ұзақ уақыт емделген. Сондай-ақ, оның тізе буындарына ота жасалып, үйден оқу тағайындалған. Алайда өткен жылдың қазан айында қайта куәландыру кезінде өңірлік комиссия организм функцияларының тұрақты бұзылуы жоқ дегенді алға тартып, мүгедектікті растаудан бас тартқан.
Істі қарау барысында сот сараптама жүргізу кезінде бірқатар процестік бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, тексеруге міндетті мамандар – ревматолог, травматолог және ортопед тартылмаған. Осылайша, шешім бейінді сарапшылардың қатысуынсыз қабылданған.
Бірінші сатыдағы сот комиссияның шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жойды. Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бұл тұжырыммен келісіп, рәсімнің бұзылуы шешімнің заңдылығына айтарлықтай әсер еткенін атап өтті. Сот қаулысы заңды күшіне енді.