Тоқаев оқу-ағарту министріне бюджет қаражатын тиімді жұмсауды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3 сәуірде оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдап, бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Министр есебі
Ресми мәліметке қарағанда, министр президентке 2025 жылдың қорытындысы мен биылға арналған міндеттерді таныстырды. Мәселен, Сүлейменова бастауыш білім берудің мазмұнына жүйелі талдау жасалғанын баяндады. Бұған қоса, мектеп бағдарламалары оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық бере отырып, қайта қаралып жатқаны айтылды.
Министр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 білім ошағының құрылысы аяқталғаны жөнінде мәлімет берді.
Саланы цифрландыру бойынша кешенді шаралар қолға алынған. Қазір елдегі мектептердің 99%-ы интернетке қосылған.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы 6,7 мың мектепке енгізілген. Дипломдар, аттестаттар мен анықтамалар цифрлық форматқа көшірілді. «Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін толығымен автоматтандыруға жол ашады.
240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өтті, тағы 200 мың педагог ChatGPT Edu жобасына сай ЖИ-ассистентті пайдалану машығын меңгеріп жатыр.
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында 184 білім беру нысаны іске қосылғанын жеткізді. Үш ауысымды 80 және апатты жағдайдағы 31 мектептің мәселесі шешімін тапты.
209 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1192 пәндік кабинет заманауи қондырғылармен жабдықталды.
Балабақшаға кезек 2 есеге жуық қысқарды.
Президент тапсырмасы
Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру және оны қолжетімді ету, мектептердегі орын тапшылығын азайту, жұмысшы мамандарды даярлау жүйесін дамыту, бюджет қаржысын тиімді жұмсау, саланы цифрлық тұрғыдан трансформациялау, соның ішінде Qazaq Digital Mektebi жобасын іске асыру бойынша бірқатар міндет жүктеді.
Сонымен бірге, президент алдағы үш жылда «Келешек мектептері» жобасының озық тәжірибесін білім беру ұйымдарына енгізу маңызды деп санайды.