Жаңалықтар

«Тұран» клубының миллионер қожайыны облыс әкіміне футболшы жейдесін кигізді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Ordabasy Group басшысы Дінмұхаммед Ыдырысов
Кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысов пен облыс әкімі Нұралхан Көшеров / фото: gov.kz

«Тұран» футбол клубының миллионер қожайыны Дінмұхамед Ыдырысов Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке оныншы нөмірлі жейде табыстады. Ordabasy Group қожайыны Бірінші лигада ойнайтын клубты жақында 1,1 млн теңгеге сатып алған.

2 сәуірде «Түркістан Арена» стадионында жергілікті «Тұран» клубы ел біріншілігі аясында «Оңтүстік Академия» командасын қабылдады. Матчқа облыс әкімі Нұралхан Көшеров те жанкүйер ретінде қатысты. Ойын қарсаңында клубтың жаңа қожайыны Дінмұхамед Ыдырысов өңір басшысына шабуылшы жейдесін тапсырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жергілікті футбол клубтарын жекешелендіру және оларды бәсекелестік ортаға беру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы маңызды бастаманы қолдап, өңіріміздің басты командасын одан әрі дамытуды қолға алып отырған «Ordabasy Group» компаниясына және Дінмұхамед Аппазұлына шынайы алғысымды білдіремін», – деді клубтың құрметті ойыншысы Көшеров. Оның сөзін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

Әкім «Тұран» өңір намысын қорғап қана қоймай, болашақ футбол жұлдыздарын тәрбиелейтін үлкен клуб болады деп есептейді.

«Біздің мақсатымыз – тұрақты әрі бәсекеге қабілетті команда қалыптастыру. Негізгі басымдықтарымыз – команданы премьер-лигаға қайтару, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, әйелдер футболын қолдау және клуб инфрақұрылымын жаңғырту», – деді миллионер Ыдырысов.

Ordabasy Group қожайынының футбол клубын сатып алғаны наурыз айында мәлім болған. Ал команданың бас бапкері қызметіне тәжірибелі маман Виктор Кумыков тағайындалған.

Түркістанда өткен матчта «Тұран» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Түркістандық футболшылар 8 сәуірде өз алаңында «Елімай» клубын қабылдайды.

Forbes Kazakhstan кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың дәулетін 563 млн долларға бағалаған.