Дәрігер қабылдауына жазамыз: алаяқтар алдаудың жаңа түрін ойлап тапты

Қазақстандықтарға емхана қызметкерлері атынан үздіксіз қоңыраулар түсіп жатыр. Алайда бұл алаяқтардың тағы бір айла әдісі.
Хабарламалар әсіресе егде жастағы адамдарға дәрігерге барғаннан кейін келеді. Оларға қабылдауға жазылуды ұсынып, SMS арқылы келген кодты немесе басқа жеке деректерді беруді сұрайды. Мұндай жағдайлар елдің бірқатар өңірлерінде тіркелген.
«Денсаулық сақтау министрлігі белгісіз тұлғаларға SMS-кодтарды және жеке деректерді бермеуге, сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады. Осындай қоңыраулар болған жағдайда өз медициналық ұйымыңызға немесе полицияға хабарласу керек», – деп ескертті Денсаулық сақтау министрлігі.
Пациенттерге қандай жағдайда SMS-кодтар жіберіледі
SMS-кодтар eGov.kz порталы немесе eGov Mobile және медициналық ұйымдардың қосымшалары арқылы емханаға жазылу кезінде ғана жіберіледі. Алайда мұндай жағдайда пациент өздігінен жазылады. Медициналық қызметкерлер телефон арқылы электрондық сервистер арқылы жазылуды жүргізбейді және SMS-кодтарды сұрамайды.
ДСМ медициналық цифрлық сервистердің бұзылмағанын мәлімдеп отыр. Дегенмен министрлік осындай схеманың қалай пайда болғанын және алаяқтардың жақында адамның емханаға барғанын қалай білгенін анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізуде.
Сондай-ақ, алаяқтар өздерін басшы, мемлекеттік органдар немесе жоғары оқу орындарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды қорқытып, ақша аударуға мәжбүрлеуде.