
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы мен «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысын тағайындау туралы өкім шығарды.
«Махсут Курманалиевич Гусейнов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды. Бағлан Әбдіжәлелұлы Өсербаев «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Өмірбаяны
Махсут Гусейнов 1977 жылдың 30 желтоқсанында Түркістан облысы Бұған ауданындағы Шұбар ауылында дүниеге келген. Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери академиясын және Ұлттық қорғаныс университетін тәмәмдаған. Ол Құрлық әскерлерінің Десанттық-штурмдық әскерлерін басқарушының орынбасары – Жауынгерлік дайындық басқармасының бастығы қызметін атқарған.
Бағлан Өсербаев «Батыс» және «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған, сонымен қатар десанттық-шабуылдау бригаданың командирі болған.
Еске салайық, жуырда Президент өкімімен Алмаз Джумакеев Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалған болатын.