
Changan CS75 Plus кроссовері ресми түрде 24 сәуір күні Бейжің автосалонында таныстырылады. Басты ерекшелігі – классикалық HEV гибрид жүйесі. Яғни, бұл көлікті тоқ көзіне қосып қуаттаудың қажеті жоқ.
Шын мәнінде жүргізуші бұл көлікті кәдімгі бензинді автокөлік сияқты сезінеді, бірақ отын шығыны айтарлықтай төмен болады.
Модель дизайны өзгере ме
Кроссовердің сыртқы келбеті бұрынғысынша сақталғанымен, бірқатар маңызды өзгерістер енгізілген:
- V-тәрізді өрнегі бар жаңа радиатор торы
- белсенді ауа қабылдағыш
- аэродинамикалық дөңгелек дискілері
- үлкейтілген спойлер
Ең қызығы, бұл жолы компания әдеттегі жасырын есік тұтқаларынан бас тартқан. Енді олар классикалық үлгіде болады. Өндірушінің бұл жерде дизайннан гөрі практикалық тиімділікке басымдық беріп отырғаны байқалады.

Ал салонында айтарлықтай өзгеріс жоқ, бұрынғы функциялар қалдырылған.
- Бір блокқа біріктірілген үш экран;
- Рульдегі беріліс селекторы;
- Екі сымсыз қуаттау орны
Бұл жолы үш жақты руль және «Snowy Mountain» ашық интерьер сияқты жаңашылдықтар пайда болады.

Отын шығыны аз үнемді көлік болады
Компания бұл жолы басты назарды – дизайнға емес, техникалық мүмкіндігіне басымдық берген. Мәселен, гибрид жүйесі классикалық схемамен жасалған:
- 1,5 литрлік турбомотор (150 а.к.)
- Электр қозғалтқышы (245 а.к.)
- 1,7 кВт·сағ қуаты бар ықшам аккумулятор
Аккумуляторды электр желісінен қуаттап қажет емес. Ол өздігінен – тежегішті қолданғанда және қозғалтқыш жұмыс істегенде қуатталады.
Отын шығынының көрсеткіштері де тиімді:
- Қалада: 3,54 л/100 км;
- Орта есеппен: шамамен 4,67 л/100 км;
Үлкен кроссовер үшін бұл – шағын көліктердің деңгейі.

Бұл нені білдіреді
Нарық біртіндеп осындай шешімдерге қарай ауысып келеді. Толық электрлі модельдер инфрақұрылымды қажет етеді, ал plug-in гибридтерді жүйелі түрде қуаттау қажет.
Классикалық HEV екі мәселені де шешеді, пайдалану шығыны төмен, бірақ жүргізушінің өмірін күрделендірмейді. Сол себепті осындай модельдер Қытайда қазір тез танымал болуда.
Айта кетейік, Қазақстанда құрастырылатын Changan CS75 Pro ЕАЭО елдеріне сатылуы мүмкін.