Алғашқы жарна аз болса, пайыз көбейеді: елде ипотека 25%-ға дейін қымбаттауы мүмкін

Жарияланды 3 Сәуір 2026 17:40

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Бастапқы жарна 30%-дан төмен болса, ипотека мөлшерлемесі шамамен 25%-ға дейін жетуі мүмкін / Фото: Shuttertsock

Қазақстанда ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін есептейтін жаңа әдістеме әзірленіп жатыр. Енді бастапқы жарна неғұрлым аз болса, қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлеме соғұрлым жоғары болуы мүмкін. Бұл туралы Kursiv.media LS ақпаратына сүйене отырып хабарлайды.

Билік жаңа ережелер енгізуді жоспарлап отыр, оған сәйкес мөлшерлеме тікелей бастапқы жарна көлеміне байланысты болады.

Егер бастапқы жарна 30%-дан төмен болса, ипотека мөлшерлемесі шамамен 25%-ға дейін жетуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова осылай деп мәлімдеді.

«ҚНРДА Ұлттық банкпен бірлесіп ипотекалық қарыздар бойынша ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеме) есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеуді аяқтап жатыр. Өзгерістердің мәні қарапайым, бастапқы жарна аз болған сайын, мөлшерлеме жоғары болады. Керісінше, бастапқы жарна 30%-дан асса, қарыз алушылар үшін шарттар едәуір жеңілдейді», – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, ол алдын ала ақша жинап, тиімдірек шарттармен ипотека алу мүмкіндігі бар жаңа тәсілдер пайда болғанын айтты.

«Біріншіден, клиент депозитте соманың бір бөлігін жинайды, содан кейін тиімдірек шарттармен ипотека алады. Мұндай тәсіл қазіргі «Тұрғын үй құрылысына жинақ жүйесін» қайталайды және қазір оны тек Отбасы банк арқылы емес, екінші деңгейлі банктер де пайдалана алады», – деді Әбілқасымова.

Осыған дейін, Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовте 25%-дық ипотекаға қатысты пікір білдірген болатын. Ол 25%-бен берілетін несиелер халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ салатынын айтты. Десе де ипотека мөлшерлемесіне қатысты жаңа реттеу шаралары әзірленіп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз