Жаңалықтар

Алматыда полиция көліктерді жаппай айыптұраққа қойып жатыр

Фото: Polisia.kz

Алматыда жол қозғалысын бақылау барысында кейбір жүргізушілердің куәліксіз көлік жүргізіп, жалған нөмір пайдаланағаны белгілі болды. Полиция екі күн ішінде 2 мыңнан астам көлікті айыппұл тұрағына қойды.

«Stop-Құқықбұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 828 дерегін анықтаған. Олардың ішінде:

  • 44 жүргізуші көлікті жүргізу куәлігінсіз басқарған
  • 8 жүргізуші бұрын жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан көлік жүргізген
  • 8 жағдайда жалған мемлекеттік нөмірлік белгілер қолданылған
  • 15 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шыққан

Арнайы айыппұл тұрағына 2 мыңнан аса көлік жеткізілді, оның ішінде шетелдік тіркеудегі автомобильдер де бар.

«Жүргізілген шаралар нәтижесінде 2 мыңнан астам автокөлік, оның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер де, арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Қала полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бұл ретте өңірлерден қосымша күштер тартылып, қаладағы негізгі магистральдарда сүзгілік бекеттер ұйымдастырылған»,деп хабарлады Polisia.kz.

Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинұр Тасыбаевтың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

«Біз жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше мән береміз. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігінсіз немесе одан айырылғаннан кейін көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмірлерді пайдалану – адам өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін әрекеттер. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысымыз қатаң әрі принципті түрде жалғасады», – деді ол.

Еске салайық, осыған дейін үш адамның өмірін жалмаған жол апатынан кейін Алматы полициясында жаппай «тазалау» жүріп жатыр деген ақпарат тараған еді. Алайда ІІМ орынбасары Бауыржан Әленов бұл мәліметті теріске шығарды.