Ұлытау, Ақмола және Алматы облыстарындағы жолдарды су шайып кетті

Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Абай облыстарында қар суының деңгейі ең жоғары шегіне жетті. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында да су басу қауіпі бар. Бұл өңірлер құтқарушылардың ерекше бақылауында. Алайда ТЖМ су тасқыны кезеңі қалыпты режимде өтіп жатқанын мәлімдеді.
Ведомство дерегінше, елдің оңтүстік және батыс аймақтарында су тасқыны қаупі сейілген.
«ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және басқа да қызметтердің күшімен 9 млн астам текше метр қар шығарылды, 1 млн астам текше метр еріген су сорылды, 62 мыңнан астам қап және 3 мың тонна инертті материал төселді, 1 млн 800 мыңнан астам метр арықтар мен каналдар тазартылды, 4 мыңнан астам уақытша бөген пен үйінді тұрғызылды», – деп хабарлады министрлік.
Барлық өңірлерде төтенше жағдайға қарсы жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Су тасқыны салдарын болдырмау шараларына ТЖМ әскерлік бөлімдерінің сарбаздары да жұмылдырылған.
«Төтенше жағдайларға қарсы жұмыстарға барлығы 627 адам, 186 техника, 60 мотопомпа (ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, ІІМ) жұмылдырылды», – делінген хабарламада.
Ведомства Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстарындағы 11 су аймағын бақылауда ұстап отыр. Ұлытау, Ақмола және Алматы облыстарындағы бірқатар жол учаскелерін су шайып кеткен. Қостанай облысында жағдай тұрақты, елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
Еске салайық, бүгін, 3 сәуір күні сағат 11:30 шамасында Алматы облысының Райымбек ауданында республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автожолының 20 шақырымында жол төсемі опырылып түсті.